Рухани жаңғыру

Дегдар

Үш ғасыр бойы отарлық езгінің,бұғауы берік бодандықтың көрер көресісін көріп,

о баста ешкімге жағасын бастыр маған ұлт, ел болғанын ұмытарман халге жақындаған ұлттың өзімен-өзі табыса бастағаны да, өзінің асқақ рухымен, абыройлы болмысымен таныса бастағаны да күні кеше ғана. Халық зердесіндегі бұрынғы, қазақы, мақтан тұтып, рухтық тұрғыдан арқа сүйерлік тұтас тарих атадан балаға айқын жетіп, толық айтылмаған соң кешегі кеңес қазағының, алдыңғы «ақ патшаның» қазағының рухы адам айтқысыз төлежіп, халық өзін өзгеден гөрі әлде-қайда кем, қор тұтатын деңгейге қарай құлдырай бастаған кезде, енді бірер ұрпақтан соң тексізденіп кетерлік дәрежеге түсерліктей болған кезде… әуелі Тәңір, берісі ата-бабаның аруағы қолдады ма, дербес ел болып, қазақы мемлекеттің туын көтеріппіз.

Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында түгелімен кете жаздаған қазақы тарихты – «санасына бодандық қақпан құрып кеткен» (Ә.Кекілбай) бүгінгі қазақтың қазіргі, кейінгі ұрпағының рухы мен ділі арқа сүйейтін тек пен діңгекті, ұлағат пен ұстынды еске түсірерлік, санасына қашап, қалтқысыз орнықтырарлық тарихты әзір түгелдей қойған жоқпыз. Ұрпағың түгілі, ұлтқа ақыл қосар тұлғаларыңның да күні бүгінге дейін жалтақ, жаутаңкөз болатыны содан.

Шүкір, қазақ өзінің айқын болмысын шамасы жеткенше іздеп-ақ жатыр. Дегенмен, тоқмейілсуге, қанағаттана қоюға себеп жоқ: тарихты түгендеу бар да, түгел тарихты ұлт санасына түпкілікті сіңіру бар. Осы тұс әзірге кемшіндеу болып тұр. Үміттенетінің – ішінде дұрысы мен бұрысы («ниеті түзуі») бар  қазақы тарих жасалып, жазылып жатыр, сол тарихтың дәлел-көрінісіндей болып қазақы қалаларда ескерткіштер бой көрсетіп, болмашыға да қуана қоятын қазақтың көзі мен көңілін жұбата бастады. Неге екенін қайдам, соның өзі біз пақырға әлі де аздау, әлі де кемшіндеу көріне береді – заманның асығыстығынан, қоршаған дүние-әлемнің қорқыныштылығынан, аз қазақтың көп, қуатты елдер мен ұлттардың жетегіне еріп кете барарынан қауіптенгендіктен болар…

. . . Ойланған ұғар, ойлануға ерінгеннің есіне енді түсер – Ақтөбеде қазақтың рухын сергітерлік, күллі қазақ қуанарлық жақсы жаңалық бар: әйгілі Жалаңтөс баһадүрдің ескерткіші орнатылып жатыр. Осы идеяны – Жалаңтөс баһадүрдің рухын ұлықтауды – бұрыннан өзінің азаматтық борышы деп санап, осы мәселеге шынайы араласып жүрген, бірер жыл бұрын баһадүр рухына арнап республикалық спорт жарысын өткізуге басшы болған Бақытжан Ержанов інім мен  оны қолдап – қостаушылардың арқасында даңқы Ақсақ Темірмен, Бейбарыс сұлтанмен деңгейлес Жалаңтөс баһадүрдің аруақты мүсіні Ақтөбенің қақ ортасында, қазақтың қай-қайдағысын есіне түсіріп, арқасын қоздырып, рухын көтеріп тұратын болды.

Қазақ тәуелсіздік алғалы Жалаңтөс баһадүр туралы, әрине, айтылып та, жазылып та жүр. Оның ұлы есімін насихаттап, өз халқының даусыз рухани меншігіне айналдыруда  қызылордалық ғалымдардың, әрқилы авторлардың, ең бастысы, нағыз қазақ азаматтарының жасаған еңбегі шексіз: солардың әрқайсысы құрметтеуге тұрарлық – ескерткіш тұрғызды, кешен орнатты, тәп-тәуір кітаптар жазды.  Сол ізгі, риясыз ниеттің арқасында есімі бұрындары аңыз-ертегідей болып естілетін ұлы тұлғаның кім болғанын, аңызға бергісіз өмірінде не тындырғанын қазіргі қазақ жап-жақсы біліп қалды, рухына арқа сүйеп, өмірінен өнеге аларлықтай дәрежеге көтерілді. Дегенмен, осы саладағы шаруа толық түгенделе қойған жоқ. Мұны түбегейлі, жан-жақты зерттеп, тұтас ұлттың күллі жұрты иемдену үшін әлі де қыруар шаруа істелуге тиіс. Жалаңтөс туралы кәсіби жоғары деңгейде тарихи еңбектер, әдеби-көркем шығармалар әзір жазыла қойған жоқ. Ақиқатына жүгінсек, Бейбарыс, Жалаңтөс, Бөкенбай шендес ұлы тұлғалардың ескерткіштері еліміздің астанасында тұрса, саны көп те, сапасы аздау тарихшылар мен әдебиетшілер осылар туралы шығармалар жазса, осы деңгейлес тұлғалар күллі қазақ арасында кең танылып, ұлттың рухани меншігіне айналған болар еді. Әзірге үміттіміз…

Жалаңтөс Сейітқұлұлы туралы толық баяндауды мұрат етпедік: ол туралы тарихи тұшымды мақалалар, бірнеше кітаптар жарық көрді. Сол  үрдіс қазір де жалғасып жатыр. Біздікі — оның дегдар бейнесін еске салу ғана.

Ол 1576 жылы дүниеге келген. Алшын ішінде Әлім тайпасының төртқара руынан. Айқын деректер бойынша, Әлімнің Жаманақ, Ұланақ, Қарамашақ, Айнық, Томалақ, Тегінболат атты алты саласының Төртқара атанып кеткен Қарамашағынан Оразгелді, Ораз, Жаншұқыр, Қараш тараса, Ораздан Аппақ, Тоқпан туды дейді шежіре. Тоқпаннан Сейітқұл, Шобан, Тоғамыс делінетін үш ұрпақ тарап, беріде әрқайсысы дербес, үлкен руды құрап отыр. Сол Сейітқұлдың ұлы — осы Жалаңтөс баһадүр. Арғы атасы әйгілі Ақсақ Темірге бата беріп, ақыл қосқан абыз Ораз би болғанда, бергі ұрпағы қазақтың әйгілі Әйтеке биі. Егер Ораз би Ақсақ Темірге абыздық, кеңесшілік қызмет атқарса, сол дәуірдегі әлім ғана емес, күллі алшын ғана емес, барлық қазақтың ұлан-байтақ елінің шегі Бұқар, Самарқан, күллі Жиделі-Байсын өңірін де қамтып жатқаны даусыз. Ақсақ Темірді қолдап, ұлы дәрежеге көтерген Бахауиддин Накшбанди софылары оқымыстыларының әсері десек, оның арқа сүйеген ел-жұртының құрамында үйсін-дулат, албан-суан, қатаған тайпаларымен бірге алшынның да болғаны күмәнсіз. Сыр бойынан ығысып, Нұрата қойнауына барды делінетін төртқаралардың өзге бір елге ауғанындай көрінетіні, сірә, бекер болуы керек, мүмкін, ол күні кешеге дейін жазға салым жайылым қуалап Ырғыз, Торғай, Орға дейін келіп, күн суыта Сыр бойына барып қыстағаны сияқты табиғи нәрсе болса керек-ті.  Жалаңтөсті бір деректе Нұрата аймағында дүниеге келген десе, енді біреулері Сыр өңірінің перзенті деп жатады. Дұрысы, сол заманғы әлімдер өздері иемденген зор аймақтың етене таныс бір шалғайынан, екінші бір байтағына тарихи себептермен ығысса керек. Сейітқұл ғана емес, Әйтеке бидің арғы бабаларының қыстауы мен зираты қазіргі түгелдей қазақы Тамды мен Кенимех, Үшқұдық пен Нұрата аймағында жатса, ол да сол тұстағы қазақтың атамекені болғаны да.

Дерек бойынша әлім тайпасының басшысы Сейітқұл 1570 жылдардан бастап қазақ пен қарақалпақтың таңдаулы ерлерінен жау жарағы сай 5000 жауынгері бар тұрақты әскер құрып, өз елін дербес билесе, Жалаңтөс сол Сейітқұлдың айбынды отбасында өнегелі ұл болып өсіп, сол заманғы озық білім алған, Бұқардағы әскери мектепте тәрбиеленген, білім мен өнердің барлық саласынан толық хабардар болған тұлға.

Абдулла хан тұсында әлеуетті елге айналған Бұқар хандығы 1598 жылы, хан өлген соң, Қажы Тарханды Қаһарлы Иван тартып алғаннан кейін далаға қашып келген Жәнібек ханның ұрпағы Бақи Мұхаммедтің билігіне бағынды. Төрт жылдан соң хан билігі Бақидың баласы Иманқұлға бұйырды. Әлсірей бастаған Бұқар хандығы елдегі ықпалды тұлғалар Жалаңтөс пен Бадахшан әмірі Махмұт биге тәуелді болды.

«Иманқұлдың тұсында ықпалды адамдардың бірі Жалаңтөс аталық еді, ондаған жылдар бойы ол Самарқанды дербес биледі,  өте құдіретті, қазынасы мол бай еді,  толымды әскер ұстап, көрші облыстар мен мемлекеттерге жорықтар жасап, олардың билеушілерімен жеке келісімшартқа отырды. Соның бұйрығымен Самарқандағы аса ірі құрылыстар жүргізіліп, Шир-дор және Тіллә-қари медреселері салынды. Самарқанның әйгілі Регистан алаңы соның пәрменімен толық аяқталды» деп жазады өзбек тарихшылары.

Бозбала кезінен өзін хас батыр ретінде көрсете білген Жалаңтөс, Бұқар хандығының бас қолбасшысы, бас уәзір – аталығы дәрежесіне  бойына туа біткен қайрат-жігердің, әскери һәм дүнияуи білім-біліктің, ақыл-парасаттың арқасында көтерілген-ді. Самарқан тарихында Ақсақ Темірден кейін әлемнің назарын аударған даңқты әмір Жалаңтөс қана болғанын барлық тарихи деректер растайды.

Өз ғұмырында елуге жуық ірілі-ұсақты жорықтарға қол бастап барған Жалаңтөс баһадүр үнемі жеңіспен оралыпты. Ол Бұқарда 5000, Нұратада 5000 әскер ұстады дейді тарих. Кейін бұған жалайыр, албан, үйсін, қарақалпақ тайпаларынан тұрақты әскер қосылып, оның саны 20000 адамға жеткен. Бұл — сол дәуірдегі ең азулы мемлекеттерде болатын қарулы күш.

Ол өзбек, қазақ, қарақалпақ, қырғыз халықтарынан құралған есепсіз әскердің қолбасшысы болып, төңіректегі мемлекеттерді шауып, Самарқан, Бұқар, Ташкент, Түркістан аумағындағы елді қорып қана қойған жоқ,  қалың қазақ елінің арқа сүйерлік қорғаны бола білді. Қазақы, әлі беймәлім тұстары мол тарихта Жалаңтөс баһадүрдің 20 мың әскерімен келіп, тосын шапқыншылықта Жоңғар қақпасын 600-дей ғана әскермен қалай тоқтатарын білмей, «етегін баса жүгірген «Салқам Жәңгірге көмектескені,  жауды түре қуғаны ғана айтылып жүр. Шындығында, Жәнібек пен Керейден Қасым ханға дейінгі аралықтағы жарты ғасырлық мерзімде айбынды мемлекетке айналған қазақ хандығының, ұлы Карл құрған мемлекеттен мықтырақ болды делінетін Қазақ мемлекетінің дәуірленуіне есепсіз үлес қосқан аса ірі тұлға осы Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлы, Самарқанның Темірден соңғы ұлы әмірі болатын.

1640 жылы қалмақ қонтайшысы Батырдың 50 мың әскерін 30 мыңдық қолмен талқандаған, Моғол империясымен соғыста Бұқар әскерін бастап шығып, Салқам Жәңгірмен бірлесе отырып, Бұқар хандығын аман алып қалған, Қабыл мен Қорасанды, Мешхедті басып алған да  ұлы Жалаңтөс еді.

Ежелгі Самарқанды әуелі Ақсақ Темір мен оның ұрпақтары даңққа бөлесе, беріде оның даңқын да, күні бүгінге дейін күллі әлем  тамсана көретін қала деңгейіне көтерген де Жалаңтөс болатын.

… Қазақ тарихында талай ұлы тұлғалар өмір сүрген, ұлы өнегелерін қалдырған. Солардың бірі — осы Жалаңтөс.

Сол Жалаңтөстің аруақты мүсінін Ақтөбенің ортасына әкеп орнатқандарға,  солардың басшысы, басты ұйымдастырушысы болған Бақытжан Ержанов ініме алғыс шексіз. Ақтөбенің ғана емес, қалың қазақтың тағы бір жоғы түгенделді.

Ендігі жерде ерекше ескерілуге тиіс нәрсе – бүгінгі ұрпақтың санасына Жалаңтөс баһадүрдің де асқақ рухын, айбынды болмысын, аруақты бейнесін сіңіру ғана.

Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button